Kapshagay.gov.kz

Заречный ауылдық округінің әкімі Б.Ф. Дүйсенбаевтың «Заречный ауылдық округінің 2016 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2017 жылға арналған міндеттері туралы» есебі

Главная



Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылғы 02 сәуірдегі №776 Жарлығына сәйкес, әр деңгейдегі әкімдер бірінші тоқсанның ішінде халық алдында жыл бойы атқарған жұмыстарын қорытындылап, есеп беру кездесулерін өткізіп келеді.
Есепті 2016 жылы - Қазақстан Республикасы Президентінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты жолдауы округіміздің әр елді мекенінде тыңдалып, аталған жолдаудың тиісті тармақтары бойынша жүктелген тапсырмаларды орындау мақсатында, бір жылдық жұмыс жоспары құрылды. Сол жоспар негізінде, 2016 жылы округімізде келесі бірқатар іс шаралар жүргізіліп, бірнеше сұрақтардың шешімі табылды:
«Заречный ауылдық округінің 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы және 2016 жылға қойылған міндеттері» туралы 2016 жылғы есептік кездесуде тұрғындар тарапынан 3 сұрақ қойылған. Аталған сұрақтар 2016 жылы толық орындалып, іске асырылды.
Бірінші «Заречный ауылы, Дзержинский көшесіндегі өртенген №18 үйдің, қоқыс қалдықтарын шығару туралы» сұрағы бойынша, көктемгі санитарлық тазалау айлығында жергілікті кәсіпорындардың техникаларының көмегімен толық шығарылып тасталды.
Екінші Заречный ауылында қаңғыбас иттердің көбеюі туралы көтерілген сұрақ бойынша, қаңғыбас иттердің ошақтары анықталып, жыл басында 46 қаңғыбас иттер, күзгі аулау айлығында 75 иесіз иттер ұсталып,барлығы 121 ит жойылды.
Үшінші Заречный ауылы, Абай және Советская көшелерінде су жүйесі ескіріп, апаттар жиі орын алатыны айтылған, ағымдағы есепті жылы аталған Абай және Советская көшелеріне 3495,0 миллион теңге бөлініп, ұзындығы 774 метр су жүйесі жаңартылды.
Қаңтар айы – округімізде әр шаруашылық бойынша есепке алу кітаптарын толтыру, өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сонымен қатар округ аумағында тұрғылықты тұратын, уақытша тұратын азаматтарды, мал басы санын анықтау жұмыстарын жүргізуден басталды.
Құжат айналымы, жер мәселелері және өзге де әкім аппаратының қызметтері бойынша: Заречный ауылдық округі әкімінің аппараты Қазақстан Республикасы Конституциясын, Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын, ҚР «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару» Заңын, Үкіметіміздің басқа да нормативтік-құқықтық актілерін басшылыққа ала отырып өз жұмысын атқаруда.
Халықтың ұсыныстарымен ескертулерін жинау үшін әкім аппаратының ғимаратында арнайы жәшік орнатылған. ҚР "Жеке және Заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы" Заңына сәйкес Заречный ауылдық округі әкімі аппаратына келіп түскен өтініштер саны 202, оның ішінде жер пайдалану туралы 71, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бойынша-14, өзге мәселелер бойынша – 117.
Барлығы – 104 округ әкімінің шешімдері және 57 өкімі қабылданды.
Жыл басынан бері 37 нотариалдық іс әрекеттер тіркелді. Оның ішінде сенімхат -12, құжаттың дұрыстығы туралы анықтама – 25. Барлығы 10648 теңге мемлекеттік баж салығы жиналды.
Әлеуметтік көмек көрсету саласы бойынша:
Есепті жыл басынан 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысын тағайындау туралы 9 өтініш түсіп, оның 7 –уі қанағаттандырылды.
2016 жылдың қазан айында 119 әлеуметтік сала қызметкерлері (мұғалімдер, медицина қызметкерлері, кітапханашылар т.б.), бір реттік көмір сатып алуға көмек алды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасының 2-ші бағыты бойынша, сонымен қатар мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Заречный ауылдық округінде 21 адам жұмысқа орналасып, 4-уі аспаз-кондитер, автослесарь мамандықтары бойынша қайта даярлау курстарынан өтті.
2016 жылдың басынан «Қапшағай қаласының жұмыспен қамту орталығы» арқылы 53 адам жұмыссыздыққа тіркеліп, қоғамдық жұмыс атқарса, оның ішінде 47-сі бүгінгі таңда тұрақты жұмыс тапқан.
Қапшағай қаласының ішкі істер бөлімімен бірлесіп, 3 әкімшілік жазаға тартылған азаматтар, ақысыз пайдалы қоғамдық жұмысқа тартылды.
Барлығы Заречный ауылдық округінде 94 мүмкіндігі шектеулі азаматтар тіркелген. Оның ішінде жұмыспен қамтылғандары-74, ұсынылған жұмыстан бас тартқандары-3, жұмысқа орналастырылғандар- 5, кәсіпкерлер-6, өзін-өзі қамтығандары-4, жұмыссыздар саны-4.
2016 жылдың желтоқсан айында екі көпбалалы аналарымыз «Алтын Алқа» және «Күміс Алқаға» құжаттарын өткізді.
Есепті 2016 жылдың сәуір айында «Қапшағай қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесіне, жалғызбасты қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға  күтім көрсету үшін әлеуметтік қызметкер бөлу туралы сұраныс жіберіліп, қарттарды медициналық қараудан өткізу жұмыстары жүргізілді. Мамыр айынан бастап, 1 әлеуметтік қызметкер жұмыс атқарады. Оның алдында ұстаздық білімімен, тағы 1 әлеуметтік қызметкер, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту үшін бөлінген болатын.
Қазақстан Республикасы Президентінің «100-нақты қадам» бағдарламасын орындау мақсатында, 2016 жылдың қазан айында жергілікті қауымдастық қорымен бірлесіп, «Қысқы жылыту маусымына дайындық» тақырыбында округ тұрғындарымен кездесулер өтті. Осы кездесулер барысында қысқы маусымға дайындығы жоқ отбасылар анықталып, жергілікті кәсіпкер, Қапшағай қалалық мәслихатының депутаты Ефименко Александр Николаевичтің көмегімен жалғызбасты қарттарға, азқамтылған, көпбалалы отбасыларына, 20 тонна қатты көмір таратылып берілді.
«Қазавтожол» кәсіпорнымен үйлерінен шығарылған 8 отбасының, 2-уіне қазіргі таңда пәтерлер бекітіліп берілді, 3-уі тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін алса, 3 отбасы өздерінің күшімен пәтер, тұрғын үйлер сатып алды.
Экономика және өндіріс саласы бойынша:
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында округ аумағында ашылған, «Грин ленд Алатау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, өндірістік аймағын кеңейтіп жатыр. Дәл, осы бағыттағы жылыжай кешені «ЛСТ Маркет» жылыжай кешені кәсіпкерлігін ұлғайтуды қолға алған. Арна ауылында макарон өнімдерін өндіретін, инвестициялық жоба қолға алынып, құрылысы жүргізілуде.
Аталған «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы аясында Заречный ауылының 2 азаматы шағын несие алды. Біріншісі, 5000 жұмыртқалық инкубатор аппаратын сатып алып, Алматы қаласына, аптасына орта есеппен 650 теңгеден, 500 кг құс етін өткізіп отыр. Қазіргі таңда қосалқы шаруашылығында 5000-ға жуық құс асырап, кәсібін кеңейту мақсатында, ауыл ішінен қосымша 5 гектар жер телімін рәсімдеуде. Екінші несие алушы көлік жуу орталығының құрылысын жүргізіп жатыр.
Салық және бюджеттік төлемдер бойынша:
2017 жылдың 1 қаңтарына салық және басқа да бюджеттік төлемдер толығымен төленді. Округ бойынша барлығы 5173,7 теңге салық жиналды. Оның ішінде жеке кәсіпкерлердің табыс салығынан 2611,2 мың теңге, жеке тұлғалардың мүлік салығынан 412,2 мың теңге, жер салығынан 210,1 теңге, көлік салығынан 1940,2 мың теңге жиналды.
2016 жылы салықтың 4 түрінен, арнайы шотқа 4800,0 мың теңге аударылды. Аталған қаржыны жергілікті қауымдастықпен бірлесе отырып келесі мақсаттарға жұмсалды.
1 млн. теңге округтегі апатты жағдайдағы ағаштарды кесуге, елді мекенді абаттандыру мен ағаштарды санитарлық кесу жұмыстарына жұмсалды. 500 мың теңге көше жарықтарына техникалық қызмет көрсетуге, 1 млн. теңге көшежарықтандыруға, 200 мың теңге қоқыс шығаруға, 200 мың теңге тұрмыстық шаруашылық заттарды алуға жұмсалды. Қалған 1,9 млн. теңге Заречный ауылында балалар алаңы мен спорттық алаңын салуға жоспарланған.
Сонымен бірге  арнайы есепшотқа мектеп асханасын жалға беруден 49 мың теңге қаражат түсті.
Ауыл шаруашылық саласы бойынша:
2016 жылдың қорытындысы бойынша, Ірі қара мал саны -641 бас, ұсақ мал саны -3660 бас, жылқылар – 43 бас, шошқалар-203 бас, үй құстарының саны -5571, өзге де үй жануарлары, қояндар -28 бас.
2016 жылы Заречный ауылдық округіне қарасты Арна ауылынан ірі қара мал бордақылайтын алаң салынып, бүгінгі күні іске қосылып, 25 ірі-қара малы бордақылануда. Аталған мал бордақылау алаңында 50 бас ірі қара малды бордақылау жоспарлануда.
29.02.2016 жылы Заречный ауылдық округі әкімдігінің ұйымдастыруымен Арна ауылы №11 орта мектепте ҚР Ауылшаруашылық Заңының 29 бабын басшылыққа ала отырып ауыл тұрғындарымен кооператив құру туралы жиын өткізілді. Жиын қорытындысы бойынша «Іле Агро» кооперативін құру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта кооперативтің толық құжаттары жасалып, әділет басқармасынан тіркеуден өтті.
Білім беру саласы бойынша: Мектеп жасына дейінгі Айгөлек шағын орталығымен, №12 орта мектебінде, 57  мұғалім қызмет атқарады. Жалпы саны 695 оқушы білім алуда, оның ішінде Іле ауданының саяжай массивтерінен 283 оқушы қатынап оқиды. Саяжайдан келетін оқушылардың қатынау мәселесі ұйымдастырылған.
Арна ауылындағы №11 орта мектебінде 31 мұғалім қызмет атқарып, 140 оқушы білім алуда.
2016 жылдың 30 тамызы мен 30 қыркүйегі аралығында округ елді мекендерінде кезекті республикалық «Мектепке жол!» акциясы жоғары деңгейде аталып өтті. Көпбалалы, азқамтылған отбасыларының балалары, жетім, жартылай жетім балалар биыл да назардан тыс қалған жоқ. Округ әкімі аппаратының және мектептер ұжымының ұйымдастыруымен өткен шараға, округ аумағында орналасқан барлық мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер атсалысып, барлығы 51 балаға, Заречный ауылында 35 оқушыға, Арна ауылында 16 оқушыға, жалпы сомасы 1,785 мың теңгеге, мектеп формаларымен, мектеп жабдықтарымен қамтамасыз етті.
Алматы облысы бойынша, ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерінің көрсеткіштері бойынша, Қапшағай қаласы алғашқы орындарды иеленіп жүр. Ағымдағы жылы Заречный ауылында барлығы 7 түлек мектепті аяқтап, түгелдей жоғарғы оқу орындарына түсті.
2015-2016 оқу жылдарына, Арна ауылында жаңадан бой көтерген, заманауи мектеп қолданысқа берілді. Атап айта кетсек, Арна ауылының ескі мектебі 2012 жылы апатты деп танылған болатын.
Заречный ауылында орналасқан ЛА 155/8 және ЛА 155/14 түзеу мекемелері аумағында сотталғандарды оқытатын 2 жалпы білім беру мектебі мен 2 кәсіптік колледжі 50-ге жуық ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып келеді.
Сонымен қатар, кітап қоры 3200 дананы құрайтын - 1 ауылдық кітапхана өз оқырмандарына қызмет көрсетіп келеді.
Денсаулық сақтау саласы бойынша: Заречный ауылында дәрігерлік амбулатория халық игілігі мен салауаты үшін қызмет етуде. Есеп беру кезеңінде ана өлімі, геппатит және т.б. жұқпалы ауыру түрлері тіркелмеген. Дүниеге келген сәбилер саны округ бойынша-107. Қайтыс болған адамдар саны - 11.
Амбулаторияда қазіргі таңда 10 медицина саласының қызметкерлері жұмыс атқаруда.
Амбулаторияда күндізгі стационарда жатып емделуге 5 орын бар және де ЭКГ жаңа медициналық құралдарымен жабдықталған.
Жаңадан салынған Арна ауылының медициналық пунктінде 1 фельдшер халыққа қызмет көрсетуде.
Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және елді мекендерді санитарлық тазалау, абаттандыру жұмыстары бойынша: 
Округ тұрғындарын толассыз сапалы ауыз сумен және кәріз жүйесінің қызметімен қамтамасыз етіп келе жатқан, «Қамқор» мемлекеттік коммуналдық шаруашылығы жұмыс атқарады. Қазіргі таңда 2 су көтеру стансасы сапалы жұмыс атқаруда.
Қазіргі таңда Заречный және Арна ауылында көшежарықтандыру толығымен қосылып, ауыл халқының игілігіне жұмыс жасауда.
2016 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Заречный ауылына  3495,0 милион тенге бөлініп Абай және Советская көшелеріне ұзындығы  774 метр жерге су құбыры тартылып, іске қосылды.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы 2020» бағдарламасы аясында, Заречный ауылы Дзержинский көшесіне 600 метрге су құбыры тартылды, жергілікті 5 адам жұмыспен қамтылды.
2016 жылдың қаңтар айынан бастап «Сенім Қапшағай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Заречный ауылында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысады. Тұрмыстық қалдықтар Заречный ауылында аптасына 2 рет сейсенбі-сенбі күндері, Арна ауылында сенбі күні 1 рет алынады. Қазіргі уақытта кесте бойынша жұмыс атқаруда. Заречный ауылы бойынша 60 қоқыс жинайтын жәшіктермен қамтамасыз етілген. Аталған қоқыс жәщіктерінің орналасқан орындары «Қапшағай қалалық ТҚҚБ» РММ-мен келісіп, талапқа сай екендігі актіленіп, бекітілді.
2016 жылғы санитарлық тазалық айлығында аптасына 120 текше м3 қатты тұрмыстық қалдықтар, заңдастырылмаған қоқыс үйінділері шығарылады. 
Сонымен бірге 2016 жылы жергілікті билікпен жергілікті қауымдастың ұйымдастыруымен Заречный ауылында жаңадан «Ардақты жанұя» пәтер иелері кооперативі құрылды. Бүгінгі күні аталған кооператив, ауыл халқымен бірлесіп жұмыс атқаруда.
Заречный ауылы бойынша 2015 жылдың күз айынан бастап Республикалық «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында орталықтандырылған жылыту жүйесімен жылыту қазандығының құрылысы жүргізіліп, 2016 жылы көптен күткен, жылу қазандығы мен жылу жүйесінің құрылысы аяқталды. Заречный ауылында орналасқан әлеуметтік мекемелер түгелдей орталықтандырылған жылыту жүйесіне қосылды. 2016 жылғы жылыту маусымында Заречный ауылының көпқабатты 21 үйі жылу жүйесіне қосылып, 500-ден аса пәтер жылумен қамтамасыз етілді. Жылу жүйесінің қашықтығы 7,2 км-ді құрайды.
2016 жылдың сәуір айында Заречный ауылдық округі бойынша көшелер толық анықталып, ұзындығы, ені, көпірлер саны айқындалды. Қапшағай қаласының экономика және автомобиль жолдары бөліміне Заречный ауылдық округінің балансына алуға қаншалықты қаржы қажет екендігі анықталып, жолданды. Округ бойынша 51 көше 3 көпір бар. Көшелердің ұзындығы 41,4 шақырым құрайды.
Мәдениет және спорт саласы бойынша: 
Заречный ауылдық округінде «Қазақстан Республикасының 2011-2015 жылдарға арналған дене шынықтыру және спортты дамыту бағдарламасын» жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыс көлемі атқарылуда.
Заречный ауылдық округінде жылдық жоспарға сәйкес 10 спорттық іс-шаралар өткізілді, олар: шахмат, дойбы, үстел теннисі, кіші-футбол, волейбол, стритбол, қол күрес және тоғызқұмалақ жарыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, ауыл кәсіпорындары мен мекемелері және әскери бөлімшелер арасында волейболдан, кіші футболдан жарыстар өткізіліп отырды.Жалпы осындай іс-шараларға 1150 адам қамтылды.
Заречный ауылдық округінде спорт және дене шынықтыру саласын дамыту мақсатында 3 спорт залы 2 футбол алаңы бар. Сонымен қатар «Қапшағай қаласындағы балалармен жасөспірімдер спорт мектебі» округімізде күрес түрлерінен бөлімдері жұмыс атқаруда. Олар:  қазақша күрес, самбо, дзюдо, еркін күрес. Аталған спорт түрлерінен 3 жаттықтырушы жұмыс атқаруда. Спортпен айналысушылар саны 150 оқушы. Аймақ бойынша оқушылармен жасөспірімдер облыстық, республикалық деңгейде жаксы нәтиже косетуде. Атап айтсақ: Нығыман Айғаным, Жакашева Мөлдір, Жаркен Мадина, Маликова Марал, Нишанов Ерболат, Әлібек Абылай, Сейлханов Ақылбек, Болат Бауыржан.
Сонымен бірге Заречный ауылдық округінің командасы кіші – футболдан Қапшағай қаласының қола жүлдегерлері.
Округ аумағында мемлекеттік мерекелер алдын ала бекітілген жоспар бойынша, тиісті деңгейде аталып өтуде.
8 наурыз «Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне, есепті 2016 жылы ұлы отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген әйел азаматшаларымызға, мүмкіндігі шектеулі, сонымен қатар көпбалалы аналарымызға, округіміздің қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген азаматшаларымызға ерекше көңіл бөлінді. Нәзік жандылардың құрметіне концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесіне ауыл аумағында орналасқан барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың ұлттық нақышта әсемделген қазақ үйлері тігіліп, спорттық жарыстар, концерттік бағдарлама, этникалық топтардың көрмелері тағы да басқа көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
1 мамыр «Қазақстан халқының бірлігі күніне» көпшілік қатысқан серуендеу өткізілді.
 9 мамыр «Ұлы жеңіс күнініне» орай:
Жылдағы қалыптасқан үрдіспен, мереке қарсаңында Заречный ауылында орналасқан «ескерткіш»  маңайына гүлзарлар, көпжылдық, біржылдық гүлдер, бағалы ағаш көшеттері отырғызылды. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтарымыздың құрметіне мерекелік парад, концерттік бағдарлама, «Шапағат» мейрамханасында түскі ас ұйымдастырылды.
01 қазан - "Қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар күні" қарсаңында Арна және Заречный елді мекендерінде -  «Қарттарым асыл – қазынам» тақырыбында мерекелік жиындар өткізілді. Барлығы 137 адамға азық-түлік пакеттері үлестіріліп, мерекелік концерт қойылды.
1-желтоқсан Қазақстан Республикасының «Тұңғыш Президенті күні», Арна ауылының жаңа мектеп ғимаратының спорт залында, округ аумағында орналасқан  түзеу мекемелері мен кәсіпорындар қызметкерлері арасында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, үздіктер анықталып, жеңімпаздарға округ әкімінің мадақтау қағаздары мен бағалы сыйлықтары үлестірілді. 
16-желтоқсан Қазақстан Республикасының «Тәуелсіздік күні» мерекесіне орай, мерекелік концерт ұйымдастырылды, жыл бойы округіміздің қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген азаматтары еленіп, Қапшағай қаласы әкімінің, «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттарымен, округ әкімінің түрлі наминацияларымен марапатталды.
2016 жылдың 26 желтоқсан күні Арна және 27 желтоқсан күні Заречный елді мекендерінде, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған округ әкімінің Жаңа-жылдық шыршасы аталып өтті. Округте орналасқан «Кнауф Гипс Капшагай» ЖШС-нің демеушілік көмегімен, жетім, жартылай жетім, мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы, азқамтылған балаларға сыйлықтар сатып алынып, таратылды.
29-желтоқсан күні Арна ауылында, 30-желтоқсан күні Заречный ауылында ауыл халқына арналған мерекелік «Балмаскарад» ұйымдастырылды. Ерекше киім үлгілерімен көзге түскен тұрғындарға бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Заречный ауылдық округі әкімінің 2017 жылға алған қойған жоспарлары:

  • Қазақстан Республикасы Президентінің «100-нақты қадам» бағдарламасын Заречный ауылдық округінде іске асыру. Атап айтсақ 84, 88, 98, 99 қадамдар.
  • Арна ауылының көшелерін ағымдағы жөндеуден өткізу;
  • Жергілікті қауымдастық қорынан бөлінген қаражат есебінен Заречный ауылында балалар алаңының құрылысын жүргізіп, қолданысқа беру, көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына қаражатты  жергілікті қауымдастықпен келісіп бекіту;
  • Округ аумағындағы мемлекеттік мекемелердің және тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымындағы қауіпсіздігі мен ауыз су, электр жарығы, кәріз қызметінің толассыз жұмыс жасауын қатаң бақылау;
  • Елді мекендерде санитарлық тазалық, көркейту, көгалдандыру жұмыстарын жүргізу;
  • Елді мекен аумақтарындағы стихиялық қоқыс үйінділерін және қысқы жылу маусымынан кейінгі күл-қоқыстарын шығару жұмыстарын ұйымдастыру;
  • Жас ағаш көшеттерін, гүлзарларды отырғызу /наурыз айы/;

 


Заречный ауылдық округі әкімінің аппараты



"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .