Kapshagay.gov.kz

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы

Главная


       

2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіле бастайды.
Бірінші сұрақ: не өзгереді?
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлемдерден басты  айырмашылығы, ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетпен ұсыну болып табылады.
Бұл дегеніміз, бүгінгі таңдағыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді, яғни жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі.
Егер отбасындағы адамдар қиын өмірлік жағдайға тап болса, үкіметтік емес ұйымдар, әлеуметтік қызметкерлер және мемлекеттік медициналық-әлеуметтік ұйымдар тарапынан мемлекет кепілдік берген арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі.

 

Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды немесе азаматтарды кедейліктен шығаруға бағытталған кешенді қолдау тәсілдерінен тұрады.
Екінші сұрақ: Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тағайындалады?

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 %-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.  

Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.

Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт – жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.
Осы мақсатта, әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Әлеуметтік келісімшарт 6 айға қол қойылады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі.
Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.
Аз қамтылған отбасының еңбекке қабілетті мүшелері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай-ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі.
Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегі 50%-ға, ал қайталанған жағдайда 100 %-ға қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмелет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.
Үшінші сұрақ: жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері қандай болады?
Біріншіден, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдісі өзгеруіне орай оның мөлшері өсетін болады. Егер ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 459 теңгені құраса, келесі жылы оның көлемі 28 284 теңгеге дейін өсетін болады.

Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері қазіргі 40 %-дан 50 %-ға дейін ұлғайтылады. Демек, егер ағымдағы жылы кедейлік шегінің мөлшері 9 784 теңге болса, келесі жылы 14 142 теңгені құрайтын болады.
Мысалы, тұрмысы төмен отбасы 5 адамнан тұрады делік, оның 1 мүшесі жұмыс істейді және 24 459 теңге табыс табады; 1 мүшесі 3 жасқа дейінгі балаға күтімімен отыр және жұмыс істемейді; сондай-ақ үш кәмелетке толмаған баласы бар. Бүгінгі таңда отбасыға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 17313 теңгені, мемлекеттік балалар жәрдемақысы 7 148 теңгені құрайды. Келесі жылы отбасының табыс деңгейі осы қалыпта сақталған жағдайда, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 30 000 теңгені құрайды немесе 2017 жылмен салыстырғанда 20 %-ға өседі.
Төртінші сұрақ: Азаматтар әлеуметтік көмектің басқа түрлерін алуға құқылы бола ма?
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтамасыз етілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады:
а) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40 %-ынан төмен болған жағдайда жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек;
б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60 %-ынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалатын балалар жәрдемақысы, оның мөлшері осы жылы 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құрайды;
в) кәмелеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысына қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.

Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аталған үш төлемнің орнына төленетін болады және оның мөлшері осы үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады.
Атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдері «Өрлеу» жобасы аясында сынақтан өткізіле отырып, өзінің тиімділігін көрсетті. «Өрлеу» жобасын іске асыру кезеңінде құрамында 344 адам бар 59 отбасы жобаға қатысқан болатын. Оның ішінде жобаның 72 еңбекке қабілетті мүшесі жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысты.
Қазіргі кезде Қапшағай қаласындағы барлық мектептерде, Шеңгелді, Заречный селолық округтерінде жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің тәсілдері халық арасында кеңінен насихатталуда.

«Қапшағай қаласының ЖҚ және ӘБ бөлімі
мемлекеттік мекемесінің басшысы
А.АЛМАБЕКОВ



 


"Қапшағай қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі  ММ"

Система Orphus


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .