Kapshagay.gov.kz

 

МҮЛІКТІ ЖАРИЯ ЕТУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ

 


Негiзгi>

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдың 30 маусымында қол қойған «Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Рес­публикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы» заңы 2014 жылдың 1-ші қыркүйегінен бастап қолданысқа енгізілді. Осы заңды жүзеге асыру үшін, заң талаптарын жергілікті жерде орындау мақсатында қала әкімі Сәтжан Кикимов арнайы қаулы шығарған болатын. Қалалық атқарушы органдардың жанынан заң талаптарына сай құрылған комиссия қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстарын тыңғылықты жалғастыруда. Қапшағай қаласы әкімінің орынбасары Ілияс Сүгіров Мүлікті жария ету жөніндегі комиссияның төрағасы болса, ал комиссия төрағасының орынбасары қалалық қаржы бөлімінің басшысы Ермек Қожахметов және комиссияның басқа да мүшелері бірлесіп, аталмыш заңның аймақта мүлтіксіз орындалуына біркісідей ұйымшылдықпен атсалысып келеді.

Мүлікті жария ету дегеніміз, заң тілімен айтқанда, табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ресімделмеген немесе тиісті емес тұлғаға ресімделген мүлікке қатысты құқыларды мемлекеттің тану рәсімі.

Елбасы атап айтқандай, әлемдік экономикада тұрақсыздықтың жал­ғасуы,  инвестиция және сауда балансының төмендеуімен сипатталатын оның Қазақстан экономикасына  ықпалын ескере отырып, экономикаға қосымша ресурстарды тартудың қажеттілігі  сезілуде. Ал өткен жылдың қыркүйек айынан бастап қолданысқа енген заң бар мүлікті жария етіп, заңдастыруға мүмкіндік береді. Оған қазақстандық азаматтар, оралмандар мен елімізде тұруға ықтиярхаты бар адамдар қатысып, заңда белгіленген тәртіппен мүлкін жария етуге толық құқығы бар.

Қапшағай қаласының әкімдігі жанынан мүлікті жария ету жөніндегі комиссияға науқан басталғаннан бергі жеті ай ішінде өңір тұрғындары мүлікті заңдастыру төңірегіндегі кез келген сауалына жауап алумен бірге тиісті құжаттарын тапсыруда. Мұнда мүлікті заңдастыруға қатысты келген адамдарды қарсы алып, комиссия хатшысы мен заңгер отырған кабинетке ертіп баратын қоғамдық қызметкерлер тағайындалған. Мүлікті заңдастыруға байланысты жұмыстар ауқымды әрі жауапты болғандықтан, мұндай азаматтардың көмегі өтініш берушілерге аса маңызды.

Комиссияға келгендердің құжаттары қабылданғаннан кейін оларға кезек нөмірі белгіленіп, арнаулы журналға тіркеліп,содан кейін құжаттар комиссия қарауына жіберіледі. Заң бойынша комиссия жария етуге өтініш пен тиісті құжаттар келіп түскен күннен бастап оларды 30 күннен аспайтын мерзімде қарап, тиісті шешім қабылдайды.

«Мүлікті жария ету акциясы бойынша, саяжайларға салынған үйлер заңдастырылады. Шағын және орта кәсіпкерлікке арналған дүкендер де рәсімделіп жатыр. Бірақ ондағы объектілер құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес болуы керек. Алайда нысаналы мақсаты ауыл шаруашылығына арналған жерлер ҚР Жер кодексінің 97 - бабына сәйкес, үй салуға, оны заңдастыруға жол берілмейді. Сондай-ақ жалға берілген жерге үй салғандардың да мүлкі бұл рақымшылық бойынша заңдастырылмайды. Өйткені, «Мүлікті жария ету туралы» Заңда «жер телімі жеке меншік құқында болуы керек».

Негізі мүлікті жария ету акциясы бойынша үйді заңдастыру ісі тегін жүргізіледі. Ешқандай алым алынбайды. Бірақ бұл жерде заң талабы бойынша төмендегідей қағидаларды есте сақтаған жөн. Біріншіден, жердің құжаттары толық болуы тиіс, жер телімі нысаналы мақсатына сай қолданылуы керек. Екіншіден, тұрғындар жылжымайтын мүлік орталығынан үйдің техникалық төлқұжатын алуы керек. Осы ретте техникалық төлқұжатты алуға қатысты шығындарды тұрғындар өздері төлейді.

Сондай-ақ, сейсмикалық қорытынды алудың шығынын да өздері өтейді. Былайша айтқанда, мүлікті заңдастыру аясында, егер жер учаскесіне мемлекеттік акт болса, құрылысқа техникалық төлқұжат алу үшін тиісті құжаттар тізбесімен (өтініш, жеке басты куәландыратын құжат, мемлекеттік акт, алым сомасын төлегенін растайтын құжат, т.б. қажетті құжаттарды алып) Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажет.

Техникалық төлқұжатты әзірлеу мерзімі жылжымайтын мүлік нысанының түріне байланысты жасалады. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерге, жеке гараждарға, саяжай құрылыстарына техникалық төлқұжат беріліп, оның бағасы мүліктің шаршы метріне, аумағына байланысты белгіленеді. Жылжымайтын мүлік орталығының қызметкерлері өтініш берушімен келісе отырып, техникалық зерттеу жүргізу үшін нысанға барып, техникалық құжат әзірлейді. Одан соң сейсмикалық қорытынды алуға болады. Ол құжаттардың барлығы ретке келтірілген соң, оны мүлікті жария ету комиссиясына тапсырылады. Егер жылжымайтын мүліктің барлық құжаттары сай болса, онда комиссия қол қойып, үй заңдастырылады.
Қала әкімінің орынбасары Ілияс Сүгіров төрағалық ететін Қапшағай қалалық мүлікті жария ету жөніндегі комиссияға бүгінге дейін 323 өтініш келіп түссе, өтініш берген 318 адамның талабы қанағаттандырылып, оңды шешім шығарылған. Оның ішінде тек 5 үйдің ғана құжаты заңдастырудан бас тартылып, иелеріне қайтарылған, ал 12 өтініш қаралу үстінде.

 

Қапшағай қаласының қаржы бөлімі

 

Система Orphus


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .