Kapshagay.gov.kz

Құрметті қапшағайлықтар! Қадірлі қала қонақтары!

Главная


 

Ұлыстың ұлы күні, бірлік пен татулықтың нышаны саналған - Наурыз мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын!
Наурызда әр шаңыраққа толайым табыс, ырыс пен ынтымақ, қуаныш пен бақыт тілеймін!
Шырайы мен шапағаты мол, жыл басы егемен елімізге, шуақты Қапшағай өңірімізге құт-береке әкелсін.
Елбасы, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ұлы өркениетімізден тамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні – Ай мен Күндей, әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасына айналды»,- деген болатын.   
Сондықтан да, бұл күні жақсы тілек тілеу, құттықтау, кешірім жасау, мейірбандықпен қарап, жаңа күндерге жоспар құрылады. Тәуелсіз еліміздің, қаламыздың өсіп, өркендеуі жолында жаңа бастамаларға негіз қаланады.
Көктемнің жарқын мерекесі жыл өткен сайын елімізде өмір сүретін бүкіл ұлт пен ұлыстың сағынып күтетін ортақ мерекесіне айналып, жаңа мазмұнмен, жарасымды сән-салтанатымен түрленіп келеді.
Соның бірі - бұл күні көпшілік қауым бұлақ көзін ашады, бір-біріне көмек қолын созып ұйымшылдықпен «Асар» жасайды. Наурызды «жыл басы» деп танығанымен, оның барша болмысын, философиясын жыл алмасумен шектемейді. Дәстүр бойынша Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қарсы алып, арықтарды тазалап, су жіберуден, ағаш отырғызып, гүл егуден бастайды.  Бұл - халықтар арасындағы бірліктің, достықтың, бауырмалдық қарым-қатынастың нығаюына, әр ұлттың салт-дәстүрінің дамуына септігін тигізеді. 
Тәуелсіз еліміз бүгінде әлемге танылды, биік табыстарға қол жеткізді. Еліміз заман талабына сай жаңарып, ұтымды технологияларды меңгеріп, халқымыздың өмір салты өзгерді. Білімі шыңдалды. Әр сала көкжиегі кеңейді. Дегенімен, Мәңгілік Еліміздің бағындырар белесі, алар асуы көп. Ең бастысы, біздің халқымыздың ынтымағы жарасты, бірлігі бекемделді. Сондықтан да біз «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда 30 дамыған елдің қатарына қосылуды мақсат етіп келеміз. Наурыз мерекесі қарсаңында «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты үндеуі ұсынылды. Осында айқын көрсетілген бағыттар Қапшағай қаласында қолға алынып, нақты жұмыстар атқарылуда.   
Бүгінде 50 пәтерлі несиелік көпқабатты үйдің құрлысы жүргізіліп, жыл соңында қолданысқа берілмек. Сол сияқты, жергілікті тұрғындарды 500 жұмыс орнымен қамтитын «Маревен Фуд» кәсіпорыны, қуаттылығы 9 МВт болатын «Сарыбұлақ» жел электр станциясы биыл іске қосылмақ, 30 тұрғын үйдің ауласы жөндеуден өтіп, айналасы көгалдандырылып, қала келбеті ажарланбақ.  Бұл өңірдің көркейіп,  халық тұрмысының жақсаруына септігін тигізбек.
Биыл Тәуелсіз Қазақстанның жауһары – Астананың 20 жылдығын атап өткелі отырмыз. Еліміздің жүрегі, мемлекетіміздің тірегі болған бас қаламыз қарыштап жыл өткен сайын дамып келеді. Қазақ елінің мақтанышы болған сұлу Ақ ордаға қарай біздер, қапшағайлықтарда бой түзеп, өркендеп, жылдармен өсіп келеміз. Қапшағай қаласы келешекте жасыл экономикасы дамыған, болашақ энергиясы қарыштаған, ғасыр қалаға бет алатынымызға сенімдімін. Ал, оған Сіздер мен біздер аса ұйымшылдықпен ат салысып, үлкен асуларды артқа тастап, үлкен мақсат, биік белестерге қол жеткізетініміз сөзсіз.  

Құрметті жерлестер!
Ежелден жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыс пен берекенің арқауы болған Әз-Наурыз құтты болсын!


Дастарханға ақ толатын, елімізге бақ қонатын бүгінгі Ұлыстың ұлы күні елімізге жақсылық әкелсін!
Наурызда айтылған барлық тілек қабыл болады деген наным бар. Ендеше, Тәуелсіздігіміз баянды, ұрпағымыз ұлағатты болып, ел абыройы арта берсін.
Жер жанаты Жетісу өлкесінің маржаны саналған Шуақты қала –Қапшағай гүлдене берсін! Өсе берсін, Өне берсін! Наурыз тойы құтты болсын, ағайын!

 

 

 



  "Қапшағай қаласының ішкі саясат бөлімі "



Система Orphus


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .