Kapshagay.gov.kz

Қапшағай қаласының әкімі Н.А.Таубаевтың «Қапшағай қаласының 2013 жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және 2014 жылға арналған міндеттері туралы» халық алдындағы есебінің тезистері

 

2013 жылы қаланың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамуы өңірдің 2011-2015 жылдар аралығына арналған даму Бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылды және төмендегідей көрсеткіштермен сипатталады:

- бюджетке түскен салықтар мен басқа да міндетті төлемдер белгіленген 9598,3 млн.теңгенің орнына 11267,7 млн.теңгені құрап, 117,4 % орындалды және 2012 жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 115,4% жетті;

- республикалық бюджетке жоспарлау болжамда белгіленген 7348,4 млн.теңгенің орнына 8117,6 млн.теңге қаражат түсіп, жоспар 110,5% орындалды, бұл 2012 жылмен салыстырғанда 119,5% пайызды құрады;

- жергілікті бюджетке түсетін салықтар жоспары 140% орындалып, 2249,9 млн.теңгенің орнына 3150,1 млн.теңге қаражат түсті.

Қала бюджетінің шығыс бөлігі 99,8% орындалып, ол 6313,2 млн.теңгеге қаржыландырылды.

Өнеркәсіп.

Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2013 жылы жалпы сомасы 38566,8 млн.теңгенің өнімін өндірді, аталған көрсеткіш 2012 жылмен салыстырғанда 2962,5 млн. теңгеге артық. 2014 жылға жоспарланған көлем 43854,6 млн.теңгені құрайды.

Есептік кезең қорытындысы бойынша «Кнауф Гипс Капшагай», «Магнетик», «Жерсу Металл», «ПолимерМеталл-Т» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өндіріс көлемдерін арттырды. Сондай-ақ, «Самрук Грин Энерджи» және «Фоссло Фастенинг Системс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері өнім өндіру жұмыстарын бастады.

2013 жылы Қапшағай қаласында аумағы 1 га болатын «LST Market» жылыжай кешенінің құрылыс жұмысы жүргізілді. Кешенді қолданысқа беру мерзімі ағымдағы жылдың ақпан айына жоспарлануда.

Жыл басынан бері негізгі капиталға 9734,5 млн. теңге инвестиция тартылды немесе 2012 жылмен салыстырғанда 71,6 % орындалды. Нақты индекс көлемі 68,7% құрады. 2014 жылы 9040,2 млн. теңге инвестиция тарту жоспарлануда.

Қапшағай қаласы мен ауылдық округтерде шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын 3809 объектілер өз қызметтерін жүзеге асыруда. Шағын және орта кәсіпкерлікпен белсенді түрде айналысатындардың саны 14570 адамға жетті. Шағын кәсіпкерлік саласынан бюджетке түскен жалпы салықтық төлемдердің көлемі 1797,8 млн.теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 9746,2 млн.теңгелік өнім өндірді.

Жыл басынан бері 29 шағын және орта кәсіпкерлік объектілері мен 5 казино іске қосылып, 550 жаңа жұмыс орындары ашылды. Олар: сұлулық салоны, химиялық тазарту салоны, балалар мен ерлер және әйелдер киімі дүкендері, автодүкен, күзет қызметі, компьютерлік техника дүкені, техникалық қызмет көрсету орталығы, кафе, қонақ үйі.

Ауыл шаруашылығы.

Ауыл шаруашылығы саласында жалпы өнім көлемі 8789,3 млн.теңгені құрады және 2012 жылмен салыстырғанда 112,6 % орындалды. Нақты көлем индексі 104,2 % жетті.

2013 жылы егістік көлемі 12403 га жер игеріліп, жоспар 100% орындалды. Дәнді дақылдар көлемі 4017 га құрады, оның ішінде: күздік бидай 845 га, жаздық арпа 2922 га, дәндік жүгері 250 га.

Сафлор мен майбұршақ егістіктерінің көлемі 3127 га, картоп 330 га, көкөніс 2910 га , бақша дақылдары 86 га, мал азық дақылдары 1933 га, мал азығына 250 га жерге жүгері егілді.

2013 жылы дәнді дақылдарды өсіру үшін 1600 гектар егістікте ылғал сақтау технологиясы, 788 гектар алқапта тамшылатып суару технологиясы, 346 гектарға жаңбырлатып суару әдісі қолданылды.

Дәнді дақылдар 3767 га жерден шабылып, қоймаларға 3406 тонна дәндік дақыл құйылды. Өңір бойынша дәнді дақылдардың өнімділігі 1 гектарға шаққанда 9,0 центнерді құрады.

Малдың қыстау мерзіміне өңір бойынша 13100 тонна шөп, 3200 сабан, 3800 тонна фуражды астық дайындалды. Аумағы 1700 га жер жыртылып, дайындалды.

Тамшылап суғару, жаңбырлату прогрессивтік технологияларын қолдана отырып ауыл шаруашылық тауарөндірушілері 2800 га жерден 130374 тонна көкініс жинап, қоймаға түсірді. Көкіністің өнімділігі гектарына 466 центнерді құрады.

Ауылшаруашылық тауарөндірушілері егін жинау науқанын уақытылы және барлық іс-шараларды сақтаумен жүргізді.

Басым дақылдар бойынша 2013 жылға 66,3 млн.тенге субсидия бөлінді.

«Green Land Alatau» ЖШС-нің жылыжай кешені жыл басынан 2510 тонна көкөніс өндірді. Жылыжайда жабық топырақта өндірілген көкөністің бірінші-екінші айналымының қызмет құнын арзандатуға 17,7 млн.тенге субсидия төленді.

2014 жылдың өніміне 850 гектарға күздік астық егілді. 1100 гектар құрайтын күздік сүдігер жыртылды.

Ауылшаруашылық тауарөндірушілер қоймаларға 37 162 тонна бас пияз, 838 тонна картоп қысқы мерзіміне сақтауға өткізген.

2014 жылы ауылшаруашылық саласының жалпы өнім көлемі 9737,5 млн.теңге болады деп жоспарлануда.

Мал ауруларының алдын алу жұмыстары қолға алынған. «Эпизоотияға қарсы іс-шаралар» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2013 жылы 18,8 млн. тенге бөлініп, оның есебінен төмендегі жұмыстар атқарылды:

- топалаң ауруына қарсы 5700 бас ірі қара, 50000 бас ұсақ мал, 1600 бас жылқы, 600 бас доңыз егілді;

- қой күлі (оспа) ауруына қарсы 50000 бас егілді;

- туберкулез ауруына 11400 бас ірі қара малы тексерілді;

- аусыл ауруына қарсы 13500 бас ірі қара малы, 59970 бас ұсақ мал егілді;

Серологиялық (Бруцеллезге қарсы) зерттеу әдісімен сарып ауруын анықтау барысында 4800 бас ірі қара малы зертеліп, 4 бас малдың ауру екендігі анықталды. Ауырған мал ет өңдеу кәсіпорнына өткізілді. Сонымен қатар 36400 бас ұсақ мал зерттеліп, 278 бас ауырған мал жойылды.

Қанғыбас ит пен мысықтарды аулау жұмысы бойынша 1,8 млн.теңге бөлініп, 800 қаңғыбас ит пен мысық ұсталып, жойылды.

 

Әлеуметтік мәселелер.

2013 жылы жұмыспен қамту бөліміне 1029 жұмыссыз азаматтар жүгінді. Аталған бөлімнің қатысуымен 1028 адам «Плаза», «Аям», «Алтын жарма», «GIANT», «Naz Dana», ЖШС-не, «Zhersu Metal» АҚ мен «Құрманов» ЖК және Шеңгелді және Заречный ауылдық округтарында жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту деңгейі 99 пайызды құрады. 2420 жаңа жұмыс орындары құрылды.

Жыл басынан 60 жұмыссыз азаматтарға 4 мамандық бойынша (1С білімімен бухгалтер, электргазбен дәнекерлеуші, аспаз-кондитер, электромонтер) қайта оқыту ұйымдастырылды. Оқуды аяқтағандардың ішінен 59 адам жұмысқа орналастырылды.

Ақылы қоғамдық жұмыстарға 479 адам жұмысқа жіберілді, оның 279-ы ауылдық жерлерден.

Халықтың арнаулы тобынан әлеуметтік жұмыс орындарына 13 адам келесі кәсіпорындарға жұмысқа жіберілді: «Танысбекова» шаруа қожалығы, «Қапшағай Көркейту» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына.

Жастар практикасына қалалық сәулет және қалақұрылыс, жер қатынастары, спорт және денешынықтыру бөлімдері мемлекеттік мекемелеріне және қалалық сот, зейнетақы орталығына 16 адам жіберілді.

Есептік кезең ішінде келесі атаулы әлеуметтік көмектер түрлері көрсетілді, олар:

- кедейшілік шегінен төмен тұратын 92 адамға 3356,0 мың теңге мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек;

- 18 жасқа дейінгі балалары бар аз қамтылған отбасыларынан 467 балаға 4884,7 мың теңге жәрдемақы;

- 680 жанұяға 12342,0 мың теңге көлемінде тұрғын үй көмегі төленді;

- 53 мүгедек балаларын үйде тәрбиелеп, оқытатын отбасыларына 1699,9 мың теңге беріліп, көмек көрсетілді.

Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан бөлінген жолдамалар бойынша 25 адам денсаулығын түзетсе, 13 мүгедек қол арба, ал 41 мүгедек ортопедиялық көмек алды. Жыл басынан бері 4 мүгедек тифло-сурдо құралдарымен, 77 мүгедек міндетті гигиеналық құралдарымен қамтамасыз етілді.

7 өздігінен қозғала алмайтын 1 топтағы мүгедектерге жеке көмекші тағайындалды.

Есептік жыл ішінде 16 адамға 4800,0 мың теңге көлемінде қайрымдылық көмек көрсетілді.

2013 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын іске асыру мақсатында республикалық бюджеттен 7,9 млн.теңге бөлініп, 93 азамат мемлекеттік қолдаумен қамтылды.

Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде 7 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып және 10 азаматқа шағын несие берілді. Осы мақсаттарға 20,7 млн.теңге бөлінді.

Жұмыспен қамту 2020 жол картасы бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде 43 адам кәсіптік даярлау курстарына, әлеуметтік жұмыс орындарына 24 адам, жастар тәжірибесіне 12 жас түлек жіберілді.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 9 жас маманға сомасы 1091,0 мың теңгені құрайтын көтерме жәрдемақы төленсе, 6 жас маманға үй сатып алу үшін жалпы сомасы 15218,0 мың теңге несиелер берілді.

 

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және көркейту.

Қаланың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында айтарлықтай іс-шаралар атқарылып, көркейту, көгалдандыру, қаланы және ауылды елді мекендерді санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді.

Қапшағай қаласын жылумен қамту үшін 24,4 мың тонна мазут сатып алуға бюджеттен 1023,9 млн.теңге бөлінді.

Қала көшелерін жарықтандыру жұмыстары бойынша техникалық қамтамасыз ету жұмыстары мен электроэнергияны төлеуге 21,5 млн.теңге бөлініп, игерілді.

Санитарлық тазалықты сақтау үшін 51,6 млн. теңге бөлінді. Қаланың бас алаңын, Абай, Қонаев, Қойшыманов, Алматы, Мир бульвары, Сейфуллин, Мостостроитель, Южный, Фрунзе, Достық, Жамбыл көшелері, Оңтүстік айналма жолдары күнделікті тазартылды. Жалпы аумағы – 190,2 мың шаршы метр жер тазартылды. Жалпы 900 тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды.

Жерлеу орындарын күту және туысы жоқтарды жерлеу үшін 3,1 млн. теңге бөлінді.

2013 жылы қала көшелерін көгалдандыру мен абаттандыруына 463,9 млн.теңге бөлінді.

-          өсімдіктерді химиялық баптауға 6,0 млн.теңге бөлінді;

-          қаланы мерекелік безендіруге 24,8 млн.теңге қаражат бөлінді;

-          ескерткіштерге тақтайшалар жасауға 140,0 мың теңге бөлінді

(А. Құнанбаев, Ш. Уәлиханов, Ж. Жабаев, Д. Қонаев, Жеңіс Мемориалы, С. Сейфуллин, Қапшағай ГЭС-і мен Шеңгелді ауылында тақташалар орнатылды).

Көшелердің маңдайшаларын, аншлагтарды дайындауға 952,0 мың теңге қаражат бөлініп, толық игерілді.

Қаланы көгалдандыруға 125,4 млн.теңге қаражат бөлінді. Қала бойынша гүл мен газон шөбі отырғызылып, бапталды.

Қаланы абаттандыруға 6,5 млн.теңге қаражат бөлінді. (72 шаршы метр көлемінде әк ерітіндісімен қасбетті сырлау жұмыстары, ұзындығы 3496 м бордюрлер әктелді, 1555 шаршы метр қоршау мен торлардың металл беттер сырланды, 72 дана қоқыс салатын жәшіктер алынды).

Қапшағай қаласының көп қабатты тұрғын үй алаңдарын абаттандыру жұмыстары бойынша 92,1 млн.теңге бөлінді. (168 - көше жарық шамдары орнатылды, 20 – шырша және 140 - жапырақты ағаштары отырғызылды, 5 дана беседка, 6 дана карусел, 4 дана құм алаңы, 3 дана доп ойнайтын бағана, 4 дана әткеншек, тениске ойнауға арналған стол – 3 дана, 21 тік қалыпты орындықтар, темір қоқыс жәшіктері- 39 дана).

Қапшағай қаласының орталық саябағын абаттандыру жұмыстары аяқталды бөлінген қаражат сомасы 303,2 мың теңгені құрады.

«Заречный ауылы жылу трассасының реконструкциясы мен құрылысы» объектісі бойынша жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу мен оның мемлекеттік экспертизасын өткізуге 9,4 млн.теңге қаражат бөлінді.

Қапшағай қаласындағы «Қапшағай Су Құбыры» МКК-ның арынды су таратқышынан су беруші ұңғымадан бақылау резервуарына дейін қайта жаңарту» жұмыстарына 222,3 млн.теңге қаражат бөлініп, толық игерілді.

«Қапшағай қаласының 2 шағынауданындағы ТК-19 дан Абай көшесі бойымен таралған жылу желілерінің аумағын жаңарту» жұмыстарына 113,1 млн.теңге қаражат бөлініп, ұзындығы 2300 метр құбыр тартылды. Бөлінген қаржы толық игерілді.

«Қапшағай қаласы Заречный елді мекенінде кәріз құбырлары желісін жаңғырту 2-кезең» жұмыстары бойынша 166,8 млн.теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. Ұзындығы 2100 метр су құбыры тартылды. Жұмыстар толық аяқталды.

Жол қауіпсіздігін сақтау жұмыстарын жүргізуге 6,7 млн.теңге қаражат бөлінді. Қаланың бағдаршамдарына техникалық қызмет көрсету жұмыстары, бағдаршамдарға сигнализация, 27 дана жол белгілері мен ауданы 758 шаршы метр алаңға жаяу өткінші жолағы салынды.

Көше жолдарына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 106,7 млн.теңге бөлінді. (Сидранский көшесінде ауданы 841,1 шаршы метр асфальт төселді, Индустриальная көшесі бойында 72 метр бордюрлер ауыстырылды, №7 және №2 автобус маршруты бойынша жалпы алаңы 1563,9 шаршы метр асфальт төселді, Абай, Наурыз, Южная, Инюшина, Соболева, Железнодорожная, Жамбыл көшелеріне жалпы ауданы 8728,0 шаршы метр асфальт төселді).

Алматы-Өскемен трассасы бойындағы, Қапшағай қаласының күн электрстанциясына кірер жолының құрылысы аяқталды. Жол ұзындығы 0,5 шақырым, бөлінген қаражат 23,8 млн.теңгені құрады.

Қапшағай қаласының қысқы жол күтімі жұмыстарына 14,0 млн.теңге бөлінді.

2014 жылға «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында қалаларды және ауылдық жерлерді дамыту бойынша 115,6 млн.теңге қаражат келесі жұмыстарды жүргізуге бөлінді:

-                      Қапшағай қаласының жолдарын жөндеуге 73,8 млн.теңге;

-                      Заречный ауылындағы Дзержинский көшесінің жолын және тротуарларын ағымдағы жөндеуге 21,7 млн.теңге;

-                      Заречный ауылындағы 1 Май және Центральная көшелерінің жолын ағымдағы жөндеуге 10,9 млн.теңге;

-                      Шеңгелді селолық округі көшелерінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына 9,2 млн.теңге қаражат бөлінді.

Қапшағай қаласы бойынша «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Заречный ауылының су беру жүйесінің ағымдағы жөндеу жұмыстарына сомасы 6176,0 мың теңге қаражат бөлініп, Абай көшесіндегі магистральді су жүйесі мен Школьная көшесінен №5, 3, 1 үйлерге дейінгі су беру жүйесі жөндеуден өтті; Шеңгелді ауылы көшелерінің ағымдағы щұңқырлы жөндеулеріне жалпы сомасы 6023,0 мың теңге қаражат бөлініп, Өтеген Батыр көшесінің жөндеу жұмыстары аяқталды.

2014 жылы бағдарлама аясында Заречный ауылының көше бойындағы су құбырлырына ағымдағы жөндеу жұмыстарына 5082,0 мың теңге мен Сарыбұлақ ауылы көшелерінің ағымдағы щұңқырлы жөндеу жұмыстарына 7624,0 мың теңге қарастырылған.

Құрылыс.

Қапшағай қаласындағы «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын жүзеге асыру екі бағытта жүзеге асырылуда:

кезекте тұрғындар үшін жалгерлік тұрғын үй құрылысы және «Қазақстан тұрғын үй жинақ банкі» АҚ-мы арқылы несиелік тұрғын үй құрылысы бойынша жүргізіліп жатыр.

Арендалы тұрғын үй құрылысы аясында жалпы көлемі 1,3 мың шаршы метр болатын, жалпы құны 125,9 млн.теңге болатын «Спутник» шағын ауданында 20-пәтерлі жалгерлік тұрғын үй пайдалануға берілді.

2013 жылдың қазан айынан бастап жалпы көлемі 7,4 мың шаршы метр болатын «Алматы облысы Қапшағай қаласы «Спутник» шағын ауданында 135-пәтерлі жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын аяқтау» нысаны бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс құны 478 млн.теңгеніі құрайды.

19 шағын ауданда орналасқан 50 пәтерлі жалгерлік тұрғын үй құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Құрылыстың жалпы құны 305,6 млн.теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2014 жылға жоспарланған.

Екінші бағыт бойынша Қапшағай қаласы, №3 шағын ауданында 50-пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстардың жалпы құны 308,5 млн. теңгені құрайды. Қолданысқа беру мерзімі 2014 жылға жоспарланған.

2013 жылы қаланың жеке меншіктегі тұрғын-үйлер құрылысына арналған инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен 844,4 млн. теңге бөлінді, оның ішінде:

-          2013 жылдың мамыр айында жалпы соммасы 128,8 млн. теңге болатын Қапшағай қаласы 18 шағын ауданында жеке тұрғын үй құрылысы үшін су құбыры және кәріз жүйелерінің құрылысы аяқталды және пайдалануға берілді;

-          2013 жылдың желтоқсан айында жалпы соммасы 30,3 млн.теңге болатын Қапшағай қаласы 18 шағын ауданында кәріз-сорғы бекетінің құрылысы аяқталды және пайдалануға берілді;

-          Жалпы құны 531,9 млн. теңге болатын Қапшағай қаласы 18 шағын ауданында көше-жол жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Нысанды қолдануға беру мерзімі 2014 жылға жоспарланған;

-          Жалпы құны 266,1 млн. теңге болатын Қапшағай қаласы «Рауан» шағын ауданында көше-жол жүйелерінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысанды қолдануға беру мерзімі 2014 жылға жоспарланған.

Білім беру саласының құрылыс жұмыстары бойынша:

-          Қапшағай қаласында орналасқан, жалпы құны 602,7 млн.теңге болатын 320 орындық «Ақдидар» балабақшасы қолданысқа берілді;

-          Арна ауылында орналасқан, жалпы құны 11,6 млн.теңге болатын 120 орынға арналған мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құрылысқа бөлінген қаражат көлемі 200 млн.теңгені құрайды. Мектеп құрылысы 2014 жылға жоспарланған.

Жыл қорытындысы бойынша жалпы құрылыс көлемі 6857,5 млн.теңгені құрады немесе 2012 жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 106,6% құрады.

2013 жылы 18,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілді. 2014 жылы 10,7 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беру жоспарланған.

Білім.

2010-2014 жылдарға арналған «Балапан» бағдарламасы аясында қалада және аймақта 7 мемлекеттік, 1 жеке меншік мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. Олардағы балалар саны 1700. Мектептер жанынан ашылған 9 шағын орталықтарда 603 бала, барлығы 2247 бала мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеумен қамтылып, көрсеткіш деңгейі 78,9 % құрады.

Оқушылардың дарындылық қабілеттерін анықтау мақсатында облыстық жалпы білім беретін пәндер олимпиадасына қатысқан 50 оқушының 49-ы жүлделі орын иеленді.

Облыстық көлемде өткен «Дарын» жобасына қатысқан 30 оқушы жүлделі орындарды иеленді.

Республика көлемінде өткен пәндер олимпиадасына 5 оқушы қатысып, 4 оқушы жүлделі орынды алып, грант иегерлері атанды.

Байқоңыр қаласында өткен Халықаралық конференцияға қатысқан 2 оқушы жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Ш.Уәлиханов атындағы №2 гимназияның 1 оқушысы FLEX «Болашақ қөшбасшылармен алмасу» бағдарламасы бойынша жеңімпаз атанып, АҚШ-та дәріс алып қайтты.

2012-2013 оқу жылын 8321 оқушы аяқтады. 272 оқушы Ұлттық бірыңғай тест тапсырды, 5 түлек Халықаралық ғылыми конференцияның жүлдегерлері ретінде босатылды. Ұлттық бірыңғай тест қорытындысы бойынша 8 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды, үздік аттестатты 5 оқушы алды. Қала және аймақ бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа көрсеткіші 87,8 балды құрады. ҰБТ тапсыру қорытындысы бойынша Қапшағай қаласы Алматы облысында 1-ші орынды иемделді.

2013 жылы білім беру мекемелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 8,2 млн.теңге қаражат бөлінді.

«Балауса» балабақшасы ғимаратының шатырын жөндеуге жергілікті бюджеттен 8,0 млн.теңге бөлінді.

Білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту басты назарда. 2013 жылы 10,8 млн.теңгеге 72 дана компьютерлер сатып алынып, бір компьютерге келетін бала саны 9,9-ды құрады.

2014 жылы 240 млн.теңгеге «Малыш» бала бақшасын сатып алу жоспарлануда.

2014 жылы Заречный ауылындағы №12 орта мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізуге 119,5 млн.теңге және мектептің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 10,2 млн.теңге бөлінді.

Мектептердегі лингофон кабинеттерін оқу материалдарымен қамту үшін 4,1 млн.теңге қаражат бөлінді.

Білім бөлімінің орталықтандырылған бухгалтериясын материалдық-техникалық базасын нығайтуға 2,7 млн.теңге қаражат бөлінді.

 

Денсаулық саласы

Денсаулық сақтау саласында туу көрсеткіштері өсті және жалпы науқастану жағдайлары азайды. 2013 жылы 35612 адам скринингтік тексеруден өтті. 2700 науқас диспансерлік тіркелімге алынды. Күндізгі стационарда емделгендердің саны 1539 адамды құрады, ал тәуліктік статционарда 6124 науқас емделді. Халықтың денсаулығын нығайту және науқастану жағдайларының алдын алу мақсатында «2008-2016 жылдарға арналған Салауатты өмір салты» бағдарламасына қатысты жұмыстар бұқаралық ақпарат құралдары мен радио көмегімен жүзеге асырылуда.

Диспансерлік тіркелімдегі науқастарға дәрі-дәрмектерді тегін тарататын дәрніхана жұмыс жасауда, 2013 жылы сомасы 78,0 млн.теңгеге дәрі-дәрмек берілді.

2013 жылы Кербұлақ ауылындағы дәрігерлік амбулаториясының және Сарыбұлақ ауылындағы дәрігерлік пунктінде инженерлі-коммуникациялық жүйелері ауыстырылды. Аурухана ғимаратында тренажорлы зал ашылып, жұмыс жасауда. Қалалық аурухананың туу-гинекологиялық бөлімінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар аурухананың инфекциялық бөлімі мен мәйітхананың күрделі жөндеу жұмыстары жасалды.

Арна ауылында 2014 жылы ауысымына 10 науқасты қабылдайтын медициналық пункт құрылысын жүргізу жоспарланған.

 

Мәдениет және спорт

Қала тұрғындарының бос уақыттарын, демалыстарын ұйымдастыру жөніндегі істер тұрақты түрде жүзеге асырылуда. 2013 жылы Қапшағай қаласы мен өңірде 174 мәдени шаралар және конкурстар ұйымдастырылып, өткізілді.

Қапшағай қаласы тұрғындарының мәдени демалысын жүзеге асыруда «Қапшағай қалалық кітапханасы» мемлекеттік мекемесі мен ауылдық округ кітапханалары өз ықпалын жасауда. Қалалық білім бөлімі, әскери бөлімдер мен қала кәсіпорындарымен оқу конференциялары, жазушылармен кездесулер ұйымдастырылды.

Тұрғындардың салауатты өмір сүру салтын қалаптастыру мақсатында қалада және ауылдық округтерде бұқаралық спорт түрлерін дамытуға қатысты тиісті жұмыстар жүргізілді.

Дене тәрбиесі мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіштерінің бірі жоғары білікті спортшылар даярлау болып табылады. Спорттың 16 түрі бойынша қалада барлығы 154 спорт секциялары жұмыс істейді, оған 1236 адам қатысады. 2013 жылы 35 ірі бұқаралық-спорт шаралары өткізілді. 2013 жылы спортпен тұрақты шұғылданатындардың саны 939 адамға артып, 14690 адамды немесе қала тұрғындарының 25,5%-ын құрады.

2013 жылы 1 спорт шебері, 6 спорт шеберлігіне кандидаттар даярланды. Қаланың және аймақтық спортшылары республикалық және облыстық жарыстарда 143 медаль иеленді, оның 50 - алтын, 53 - күміс, 40 - қола. Жарыстарға барлығы 160 спортшы қатысып, оның 73 спортшысы Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасына кірді.

 

Қоғамдық тәртіп

Қала бойынша 2013 жылы барлығы 1615 қылмыс саны тіркелген, оның 1615 жалпы қылмыстық болып табылады. Кәмелетке толмаған азаматтар жасаған 10 қылмыс тіркелген.

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге азаматтардың қатысуы туралы» Заңына сәйкес құқық қорғау саласына қоғамдық құрылымдарды тарту, оны дамыту бойынша іс-шаралар атқарылуда.

Нашақорлық пен темекі шегудің алдын алу мақсатында оқу орындарында «Жастар есірткіге қарсы», «Есірткіге жол жоқ» тақырыбына лекциялар мен түсінік беру жұмысы өткізілуде.

Қаланың қылмыстық жағдайын сауықтыру бойынша қабылданған шаралар аясында «Жасөспірім», «Мектеп кештері», «Түнгі қаладағы балалар», «Отбасы және балалар» іс-шаралары өткізілді. Жасөспірімдердің жиналатын жерлерін анықтау мақсатында рейдтік тексерулер жүргізілді.

Жасөспірімдердің құқығын қорғау жөніндегі қалалық комиссия отырысында ата-аналары мен мектеп өкілдері шақырыла отырып 30 материалдар қаралды.

Қоғам қауіпсіздігін орнату мақсатында және қылмыстардың алдын алу үшін қала ықшамаудандарында (банктерде, ломбардта, жанармай бекеттерінде, аулаларда) қосымша 43 бейне бақылау камералары орнатылды.

 

Әкімнің бақылауында

Қапшағай қаласы әкімінің 5 есепті кездесулері өткізілді. Есеп беру кездесулерін өткізу барысында 41 адамнан әр-түрлі әлеуметтік сауалдар қойылды. Кездесулер барысында қала әкімі тарапынан түсініктемелер берілді.

Қаржы бөлінуді қажет ететін және жоғары тұрған органдармен келісуді талап ететін 8 мәселелер көтерілді, аталған сұрақтар есеп беру кездесулерін өткізу кезінде азаматтардың айтқан ұсыныстарын жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына енгізілді, олар:

4 - жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жайында;

1 – әлеуметтік сала объектілерін салу және жөндеу туралы;

1 - жерпайдалану туралы;

2 - басқа да мәселелер бойынша.

Қазіргі уақытта көтерілген 7 мәселе орындалды, ал қалалық кәріз суларының кәріздік тазарту құрылғысы мәселесі бойынша жұмыстар 2014 жылы жалғасын табады.

Іс-шаралар жоспарының орындалу барысы тоқсан сайын қала әкімдігінің отырыстарында қаралып, орындалу нәтижелері туралы ақпараттар «Нұрлы Өлке» газетінің беттерінде және қала әкімінің веб-сайтында жарияланған.

icon Қапшағай қаласының ішкі саясат бөлімі

Система Orphus


"WD_Likurg"
Тел.: 8-727-724-3656; email: Likurg@kapshagay-gov.kz
Адрес: Акимат города Капшагай, 040800: ул. Жамбыла 13, офис 105 .